СУБСИДИЯДАН ҚҰРЫЛЫСҚА ДЕЙІН: ТҮРКІСТАНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІНЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛМАҚ

Түркістан облысында мемлекеттік қолдау мен бюджет қаражатының әділ әрі ашық бөлінуіне баса мән берілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен комиссия отырысында ауыл шаруашылығы, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жан-жақты қаралды.

Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қызмет көрсету, субсидия бөлу және бюджет қаражатын пайдалану кезінде туындайтын тәуекелдерге назар аударылды. Өтінімдерді қараудағы адами факторды азайту, шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету және бірдей жағдайдағы азаматтарға бірдей талап қою қажеттігі айтылды.

Құрылыс саласында жүргізілген ішкі талдау кезінде анықталған тәуекелдер де назардан тыс қалмады. Ал жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары саласында жаңа бағыттарды ашу барысында жекелеген тасымалдаушыларға артықшылық беруге жол бермеу мәселесі көтерілді.

Облыс әкімі мемлекеттік қолдау шаралары нақты мұқтаж азаматтар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге әділ әрі бірдей қағидатпен көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.

Комиссия қорытындысында анықталған тәуекелдер мен бұзушылықтарды жою бойынша нақты жоспар әзірлеу, қаржылық бақылауды күшейту және мемлекеттік қызмет көрсету мен субсидиялау барысында жауапты қызметкерлердің жауапкершілігін заң аясында қарау тапсырылды.

Мақсат айқын: бюджет қаржысы мен мемлекеттік қолдау «таныс-тамырдың» емес, нақты талапқа сай азаматтардың игілігіне жұмсалуы тиіс.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Мақтаарал ауданы индустриясы қарқын алып келеді

berdaly_oraz

Қолөнер – ұлттың өшпес мұрасы

Redaktor Arysinfo

Түркістан-ЦИНДАО бағыты: ауыл шаруашылығындағы жаңа мүмкіндіктер мен инвестициялық серпін