Жолдағы 180 қаза: Түркістан облысында 8 айда 787 жол апаты тіркелді

Түркістан облысында жол қауіпсіздігі мәселесі әлі де өзекті. Биылғы жылдың алғашқы 8 айында өңірде 787 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 жағдайға, яғни 3,8 пайызға аз.

Алайда статистикадағы төмендеу қайғылы жағдайлардың салмағын жеңілдетпейді. Жол апаттарынан биыл 1128 адам зардап шеккен. Оның ішінде 948 адам жарақат алып, 180 адам қаза тапқан. Өткен жылмен салыстырғанда жарақат алғандар саны 7,5 пайызға, қаза болғандар саны 7,2 пайызға төмендеген.

Апат саны бойынша алдыңғы қатарда Сайрам ауданы – 110, Түркістан қаласы – 99 және Жетісай ауданы – 98 жағдаймен тұр. Арыс қаласында 58 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сонымен қатар Созақта – 49, Түлкібаста – 48, Сарыағашта – 45, Келесте – 44, Шардарада – 38 жағдай орын алған.

Мамандардың айтуынша, жолдағы қайғылы жағдайлардың негізгі себептері өзгермей отыр. Олардың қатарында жол қозғалысы ережелерін сақтамау, белгіленген жылдамдықты асыру және жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі бар.

Бір сәттік асығыстықтың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан көлік жүргізушілері жылдамдықты сақтап, жол жағдайын ескеріп, жаяу жүргіншілерге ерекше назар аударуы қажет. Ал жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген орындардан кесіп өткені жөн.

Жол ережесі – жай талап емес, адам өмірінің қауіпсіздігі. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жауапкершілігі жүздеген адамның тағдырына әсер етеді.

Жол апаттарының толық статистикасын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Авария картасы» бөлімінен көруге болады.

Ұқсас жаңалықтар

ҚЫЗҒАЛДАҚҚА АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ ӨТЕДІ 

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЕКІ ЫҢҒАЙЛАСТЫРЫЛҒАН МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

berdaly_oraz

Ердоған «Қожа Ахмет Ясауи» орденін бауырластықтың белгісі деп бағалады

berdaly_oraz