ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ: ТҮРКІСТАНДА ӨНЕГЕЛІ ӘУЛЕТТЕР БАҚ СЫНАДЫ

Түркістанда отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық дәстүр мен ұрпақ тәрбиесінің сабақтастығын насихаттаған «Отбасы – ұлттың тірегі» атты облыстық байқау өтті.

Отбасы күніне орай Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен байқауға өңірдің әр ауданынан өнерлі әрі өнегелі отбасылар қатысып, өз әулетінің тарихы мен дәстүрін көпшілікке таныстырды.

Шараның ашылуында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов және «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін уақытша атқарушы Халима Жантөреева сөз сөйлеп, қатысушы отбасыларға сәттілік тіледі. Жиында отбасы институтының қоғамдағы орны мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігіне ерекше мән берілді.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «Отбасым – мақтанышым» кезеңінде қатысушылар өз әулетінің тарихы мен отбасылық құндылықтарын таныстырды. Ал «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» кезеңінде ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс көрсетіп, қолөнер бұйымдарын ұсынды. Үшінші «Ас мәзірі» кезеңінде ұлттық тағамдар мен күзгі өнімдерден әзірленген дәмдер көпшілік назарына ұсынылды.

Байқау барысында әр отбасы өзінің береке-бірлігін, өнерін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін көрсетті. Бұл ретте сайыс жай ғана жарыс емес, ұрпаққа үлгі боларлық отбасылық дәстүрлерді дәріптейтін тағылымды шараға айналды.

Қорытындысында Төлеби ауданынан келген Кендірбаевтар отбасы Бас жүлдені иеленді.

I орын – Сауран ауданынан Манашовтар отбасы.

II орын – Отырар ауданынан Төлешовтер, Сайрам ауданынан Тұрсынбаевтар және Қазығұрт ауданынан Бесбаевтар отбасыларына бұйырды.

III орынға Мақтарал ауданынан Қоспаевтар, Жетісай ауданынан Төребековтер және Түркістан қаласынан Бимурзаевтар отбасылары ие болды.

Осындай тағылымды байқаулар ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап қана қоймай, отбасы құндылығын қоғамның басты тіректерінің бірі ретінде дәріптеуге мүмкіндік береді. Себебі берекелі отбасы – тәрбиелі ұрпақтың, ал тәрбиелі ұрпақ – ел болашағының негізі.

Ұқсас жаңалықтар

Бәйдібек: «Жер аманаты» жобасы аясындағы аймақтық комиссия көшпелі отырысы өтті

berdaly_oraz

«Екінші рет өмір сыйлады»: Арыс қалалық аурухана дәрігерлеріне ұстаз алғысын жаудырды

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫН МАРАПАТТАДЫ

berdaly_oraz