ҚАРИЯСЫН ҚАДІРЛЕГЕН АРЫС: АРДАГЕРЛЕРГЕ АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Арыста Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты тағылымды мерекелік кеш өтті. Қалалық Мәдениет үйінде өткен шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ізбасар Назаров, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісатта Жүніс, ардагерлер орталығының мүшелері мен ауылдық округтерден келген қариялар қатысты.

Мерекелік жиында қала әкімі ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерді айтулы күнмен құттықтап, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласқан, салауатты өмір салтын насихаттап, Арыстың дамуына үлес қосқан бірқатар қарияға қаланың 70 жылдық мерейтойлық медалі табысталды.

Сондай-ақ облыстық ақсақалдар кеңесінің, қалалық мәслихаттың және «Ақ жол» партиясының Арыс қалалық филиалы атынан бірқатар ардагерге медальдар мен алғыс хаттар берілді.

Кеш барысында Мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әуезді ән, әсерлі терме мен сахналық қойылымдар мерекелік кештің мазмұнын аша түсті.

Қарттар күні – ұрпақтың аға буынға деген құрметін көрсететін ерекше мереке. Себебі елдің өткенін біліп, бүгінін бағалап, келешегіне жол сілтейтін – өмірден көргені мол қариялар.

Арыстағы бұл кеш те ақсақалға құрмет, әжеге ізет көрсету – ұлттық тәрбиенің ажырамас бөлігі екенін тағы бір аңғартты.

Ұқсас жаңалықтар

Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат жалған — Айдос Үкібай

berdaly_oraz

Жетісайдағы құрылыстар қатаң бақылауға алынды: облыс әкімінің орынбасары кемшіліктерді жоюды талап етті

Redaktor Arysinfo

Созақта соғыс майдангеріне құрмет көрсетілді