ҚАРИЯМЕН ӨТКЕН БІР КҮН: ТҮРКІСТАН ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРМЕН БІРГЕ БОЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Халықаралық қарттар күніне орай өңір ардагерлерімен бір күнді бірге өткізіп, аға буынға ерекше құрмет көрсетті.

Мерекелік күн қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі зияраттан басталды. Облыс әкімі 50 ардагерді тарихи кесене алдында қарсы алып, олармен бірге Құран бағыштады. Елдің амандығы, халықтың бірлігі мен ұрпақтың болашағы үшін дұға жасалды.

Одан әрі облыс әкімі мен ардагерлер «Қолөнершілер» орталығына барып, ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылған жәрмеңкені аралады. Ағаш пен темір өңдеу, зергерлік және дәстүрлі қолөнер туындыларымен танысқан қариялар ұлттық ойындарға да белсене қатысты. Асық атып, ләңгі теуіп, садақ атқан аға буын өкілдері жас шеберлермен еркін әңгімелесті.

Мерекелік күн Түркістан музыкалық драма театрында жалғасты. Ардагерлер облыс әкімімен бірге «Вальс королі» қойылымын тамашалады.

Театрдан кейін қариялар келесі шара өтетін орынға қоғамдық автобуспен бірге барды. Жол бойындағы еркін әңгімеде ардагерлер өздерін толғандырған мәселелерді айтып, өңірдің бүгінгі тынысы мен Түркістанның өзгерістері туралы пікір алмасты.

Күннің негізгі бөлігі «Қарттарым – қазынам» атты мерекелік шараға ұласты. Жиында облыс әкімі ардагерлерді мерекемен құттықтап, олардың ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Қариясын құрметтеу – қазақтың қанына сіңген қасиет. Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Сіздер – елдің өткенін бүгінмен жалғап отырған алтын көпірсіздер. Әрдайым ортамызда аман-есен жүріңіздер», – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік жиында тыл еңбеккерлері, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдеріне облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттары табысталды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «Ұрпақ сабақтастығы: Ардагерлер өнегесі» тақырыбында сөз сөйлеп, аға буынның қоғамдық тұрақтылық пен ел бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталды.

Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, ардагерлерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен бірге облыс әкімі бірнеше қарияның шаңырағына арнайы барып, ақсақалдардың батасын алды.

Бүгінде Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнет жасындағы азамат бар.

Ұқсас жаңалықтар

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің кезекті отырысы өтті

Биыл мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 323 мыңнан астам қызмет алды

Tүркістан облысында тұрғындарды қабылдауда әртүрлі мәселелер қаралды

berdaly_oraz