Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Беларуське ресми сапармен барып, Минск қаласында ел Президенті Александр Лукашенко және Премьер-министр Александр Турчинмен келіссөздер өткізді. Кездесулерде екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, өнеркәсіптік кооперация, көлік-транзит және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара сауда соңғы жылдары тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1,2 млрд долларды құраған. Ал биылғы жеті айда бұл көрсеткіш 723 млн долларға жетті.
Олжас Бектеновтің айтуынша, өткен жылы тауар айналымы 27,7%-ға, 2026 жылдың алғашқы жеті айында 20%-ға өскен. Қазақстан тарапы өзара сауданы одан әрі арттырып, экспорттық өнім түрлерін кеңейтуге ниетті.
Бүгінде Қазақстан Беларусь нарығына азық-түлік, көлік құралдары, металл, химия және мұнай-химия өнімдері, тоқыма, машина жасау және теміржол өнімдерін жеткізу мүмкіндігін қарастырып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында күнбағыс, мақсары және рапс майлары мен дайын бакалея өнімдерін экспорттау көлемін арттыру жоспарланған.
Өнеркәсіптік кооперация да екіжақты әріптестіктің маңызды бағытына айналды. Қазақ-беларусь ынтымақтастығы аясында 200 млн доллардан астам инвестиция көлемімен 13 бірлескен жоба жүзеге асырылған. Қазақстанда «Беларусь» тракторлары, «Гомсельмаш» комбайндары және өзге де техникалар өндірісі жергіліктендірілген.
Көлік саласындағы көрсеткіш те өсім барын көрсетеді. Биылғы жеті айда Қазақстан мен Беларусь арасындағы теміржол тасымалы 18,7%-ға өсіп, 4,8 млн тоннаға жеткен. Келіссөздерде логистикалық бағыттарды одан әрі дамыту мәселесі де қаралды.
Сапар барысында цифрлық шешімдерді экспорттау, туризм, мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейту мәселелеріне де назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Беларусь өңірлері арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде Түркістан мен Могилев облыстары арасындағы даму жөніндегі меморандум мен іс-шаралар жоспары да бар.
Бұл құжаттар өңірлер арасындағы сауда, инвестиция, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.
