Түркістанда этносаралық қатынастар саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған семинар өтті. «Достық үйінде» ұйымдастырылған жиынның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсінігін кеңейтіп, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық келісімді нығайту.
Іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Семинарды мекеме басшысы Эльмира Жанғазиева ашып, Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.
Жиында жоғары оқу орындарының ғалымдары мен заң саласының мамандары этносаралық қатынастардағы құқықтық нормалар, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтардың алдын алу, этносаралық араздық пен кемсітушілікке жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың сақталуы заңды құрметтеуден басталатыны айтылды. Әсіресе өзге азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне құрметпен қарау – қоғамдық келісімнің маңызды шарты екені атап өтілді.
Жиын соңында қатысушылар мамандарға сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мамандардың айтуынша, құқықтық сауаттылықты арттыру – этносаралық түсіністікті нығайтып, қоғамдағы араздық пен кемсітушіліктің алдын алудың тиімді жолдарының бірі.
