Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқын алып, тазалық талаптарын бұзғандарға бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері өңірде 532 экологиялық іс-шара өткізіліп, 84 639 жас қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына атсалысты. Нәтижесінде 187 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мәлім болды.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде жүзеге асырылып жатқан экологиялық шаралардың нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, тазалық талаптарының сақталуын бақылау мақсатында Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас және Сайрам аудандарында мобильді топтардың қатысуымен рейдтер ұйымдастырылған. Нәтижесінде 105 әкімшілік хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге айыппұл салынды.
Тазалыққа немқұрайлы қарағандарға заң аясында шара қолданылады. Қоғамдық орындарда қоқыс тастау және абаттандыру талаптарын бұзу фактілері бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабымен 6 366 хаттама рәсімделіп, 192,8 млн теңге айыппұл салынған. Ал 505-бап бойынша 9 436 хаттама толтырылып, 55,7 млн теңге айыппұл өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артқан.
Ауылдық округ әкімдіктері де тазалық талаптарының орындалуын бақылауға алған. Олардың тарапынан 505-бап бойынша 5 635 әкімшілік хаттама толтырылып, 25,3 млн теңге айыппұл салынды. Дегенмен жүргізілген талдау кейбір ауылдық округтерде әкімшілік хаттамалар санының төмен екенін көрсетті. Осыған байланысты бақылау жұмыстарын жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» Telegram чат-ботына тұрғындардан 3 677 өтініш түсіп, оның 3 634-і орындалған. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Түркістан қаласы, Төлеби, Сайрам және Сауран аудандарында өтініштер санының азаюы байқалған.
Жол бойындағы тазалық та назардан тыс қалмайды. 3–7 қазан аралығында республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойына жүргізілген мониторинг барысында 136 кемшілік анықталды. Оларды жою үшін жауапты мекемелерге бір апта мерзім беріліп, орындалуы бақылауға алынған. Жол бойында орналасқан тазалық талаптарын сақтамаған кәсіпкерлік нысандарына қатысты Полиция департаментімен бірлесіп, заң аясында шара қолдану жұмыстары жүргізілуде.
Жастардың экологиялық бастамаларға қатысуы да маңызды бағыттардың бірі. Жаз мезгілінде «Жасыл ел» еңбек жасағына 260 жас тартылып, қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына үлес қосты.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 40 тармақтан тұратын арнайы жол картасы әзірленген. Онда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тазалықты сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар белгіленген.
Аппараттық мәжіліс қорытындысында облыс әкімі аудан және қала әкімдіктеріне тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді, рейдтік іс-шараларды жандандыруды және проблемалық аумақтарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Тазалық – бір күндік науқан емес, ортақ жауапкершілік. Сондықтан өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек.
