ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиында инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, биогаз өндіру кешені, қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясы, «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы өндіріс орындарының құрылысы қаралды. Сонымен қатар өнеркәсіптік кешен, жылыжай және тұрғын үй салу жөніндегі жаңа жобалар таныстырылды.
Облыс әкімі жауапты мекемелерге электр қуаты, газ, су, жер бөлу және келісу рәсімдеріне қатысты мәселелерді жедел шешіп, инвесторлар алдындағы міндеттемелерді уақытылы орындауды тапсырды. Жобалардың белгіленген мерзімде іске асуы тұрақты бақылауда болады.
