ТҮРКІСТАНДА 111 МЛН ДОЛЛАРЛЫҚ ЕТ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛАДЫ: ӨҢІРГЕ ІРІ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛАДЫ

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба қолға алынбақ. IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында облыс әкімдігі мен «Nurym Group» компаниялар тобы ет кластерін құру жөніндегі меморандумға қол қойды. Жобаның жоспарланған инвестиция көлемі – 111,1 млн АҚШ доллары.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен халықаралық инвестициялық жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Nurym Group» компаниялар тобының құрылтайшысы Сырым Ертаев тиісті құжатқа қол қойды.

Жаңа жоба өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, ет өндірісінің әлеуетін арттыруға және агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тартуға бағытталған. Ет кластерін құру ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңір экономикасының дамуына серпін беруге негіз болмақ.

111,1 млн доллар көлеміндегі инвестиция – Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Жоба іске асқан жағдайда, өңірде өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге, ауыл шаруашылығы саласындағы іскерлік белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашылуы мүмкін.

Инвестициялық форум аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров бірқатар ірі инвестормен келіссөздер жүргізіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруда. Кездесулер барысында жаңа өндірістерді орналастыру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселелері талқылануда.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндіріс орындарын ашу және шетелдік капитал тарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Ірі инвестициялық бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануға және агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қол қойылған меморандум тараптардың ынтымақтастық ниетін бекітеді. Ал жобаны қаржыландыру мен іске асырудың нақты шарттары алдағы жеке келісімдер арқылы айқындалады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Отаншылдықты дәріптеу бағытындағы жұмыстар жанданады

Түркістан облысында ағын суға деген қажеттілік жыл сайын артып келеді

Сара Назарбаева қайтыс болды — БАҚ