ТҮРКІСТАНДА 588 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ: 14 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістанда Республика күні қарсаңында 588 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан жеті қабатты үйлерден жаңа баспана алған отбасыларға пәтер кілттері табысталды.

Салтанатты рәсімге қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды қоныстойымен құттықтап, жаңа үйлеріне құт-береке тіледі.

Өңір басшысының айтуынша, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2018–2025 жылдары Түркістан облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жалпы ауданы 1 млн 261 мың шаршы метр болатын 23 633 пәтер берілген.

Жаңа тұрғын үй кешені 3,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайлар қарастырылған. Жалпы ауданы 36 720,6 шаршы метрді құрайтын 588 пәтердің 194-і жалдамалы баспана болса, 394-і жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы беріледі.

Құрылыс жұмыстарын «Dep Group», «FS Development Group», «Bes stroy» және «ЕвроРемонт Сервис» компаниялары жүргізген.

Биыл Түркістан облысында 3 мыңнан астам пәтердің құрылысы қолға алынып, 2 434 пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде Түркістан қаласында 43 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылып, 2 мыңнан астам пәтердің құрылысы аяқталған. Қаладағы баспаналардың 706-сы жалдамалы болса, 1 382-сі жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы үлестіріледі.

Дегенмен, Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 23 мыңнан асады. Бұл баспанаға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Республика күні қарсаңында жаңа пәтерлерге ие болған отбасылар үшін бұл күн қуанышқа толы ерекше сәтке айналды. Ал тұрғын үй құрылысының жалғасуы баспана кезегіндегі азаматтардың мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Полиция кальян шегу дерегімен 30-дан астам тұрғынды жауапқа тартты

berdaly_oraz

Күні ертең Монтайтас ауылдық округінде жер және құрылыс мәселелері бойынша жиналыс өтеді

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТТАРЫНДА 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ ІС ТАТУЛАСУ РӘСІМІМЕН АЯҚТАЛҒАН

berdaly_oraz