Түркістан қаласында «Әділет» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс III конференциясы өтті. Жиында өңірлік сайлауалды бағдарламаның жобасына ұсыныстар әзірлеу, сайлаушылардың аманаттарын жинақтау және қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну мәселелері қаралды.
Конференцияға партия өкілдері мен шақырылған азаматтар қатысып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты.
Жиында Түркістан облысы бойынша партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасының жобасына ұсыныстар енгізу, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Түркістан қалалық мәслихатының депутаттығына кандидаттар ұсыну мәселелері талқыланды. Сонымен қатар партияның облыстық филиалының кезектен тыс III конференциясына делегаттар сайлау күн тәртібіне енгізілді.
Конференция барысында Түркістан қаласының Құрметті азаматы Жамила Төреханқызы мен «Таңдау құқығы» құқықтық бірлестігінің төрағасы Айбар Алиакбарұлы сөз сөйлеп, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, партияның алдағы қызметіне қатысты тиісті шешімдер қабылданды.
