Республика күні қарсаңында Арыс қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Таза жол – таза орта» ұранымен жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойын ретке келтіруге арналды.
Сенбілікке қала әкімі Қайсар Маңқараев қатысып, тазалық жұмыстарына белсенді атсалысқан тұрғындар мен мекеме қызметкерлеріне алғысын білдірді. Қала тазалығын сақтау – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Тазалық жұмыстары Арыс–Шымкент тас жолының бойынан басталды. Жол жиегіндегі арамшөптер шабылып, шашылған қоқыстар жиналды. «Жасыл Арыс» КММ мен «Khazakh Real Stroy» мекемесінің арнайы техникаларының көмегімен жолға су шашылып, қураған ағаштарды отау жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке «Отырар аудандық Орман шаруашылығы» КММ-нің қызметкерлері де белсенді қатысып, қоршаған ортаны тазарту мен абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Тазалық – ортақ міндет
Қала көшелері мен жолдардың бойын таза ұстау – баршаға ортақ міндет. Мұндай игі шаралар қоршаған ортаны қорғауға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қаланың көркін арттыруға бағытталған.
Тазалық жұмыстарына атсалысқан барлық мекеме-ұжымдар мен белсенді тұрғындарға алғыс білдіреміз.
Қаламыздың тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосайық! Таза орта – жарқын болашақтың кепілі.
