АРЫСТА АУЫЛ СПОРТЫНА СЕРПІН БЕРЕТІН ЖАҢА КЕШЕН АШЫЛДЫ

Республика күні қарсаңында Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылында жаңа спорт зал кешені пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған нысан ауыл жастарының спортпен шұғылдануына және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары мен жастар қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, спортты дамыту мен бұқаралық спортқа қолжетімділікті арттырудың маңызын атап өтті.

– Баршаңызды халқымыздың ең қастерлі мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Осындай айтулы мереке қарсаңында Байырқұм ауылында тағы бір маңызды нысанның есігін ашып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді етіп, өңірдің спорттық әлеуетін арттыру. Осы жерден көк туымызды биікке көтеретін талай чемпиондар шығып, еліміздің атын дүние жүзіне танытады деп сенемін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жаңа спорт кешені барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық спорт түрлерімен айналысуына қолайлы жағдай жасалған.

Нысанның жалпы ауданы 371,65 шаршы метрді құрайды. Кең спорт залдың едені сапалы резеңке жабындымен қапталған. Сонымен қатар ғимаратта медициналық бөлме, ішкі дәретханалар мен гардероб қарастырылған.

Спорт кешені заманауи жылыту қазандығымен жабдықталып, табиғи газға қосылған. Бір мезетте 100-ден астам адам спортпен шұғылдана алады.

Енді Байырқұм ауылындағы балалар мен жастар волейбол, баскетбол, бокс, үстел теннисі, күрес және гимнастика сияқты спорт түрлерімен тұрақты айналысуға мүмкіндік алды.

Бұған дейін Арыс қаласына қарасты Қожатоғай және Ақдала ауылдарында да осындай спорт зал кешендері пайдалануға берілген болатын.

Жалпы, Арыс қаласы мен оған қарасты ауылдық елді мекендерде 2 спорт кешені, 100-ден астам спорттық алаңқай, спорт залдары мен жаттығу құрылғылары бар.

Байырқұмдағы жаңа нысан – ауыл спортының дамуына, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және болашақ спортшылардың шыңдалуына жасалған маңызды қадам.

Ендігі міндет – жаңа спорт кешенін тиімді пайдаланып, ауыл арасынан ел намысын қорғайтын чемпиондар тәрбиелеу.

Ұқсас жаңалықтар

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДАҒЫ РЕЙДТІК ІС-ШАРАЛАР ЖАЛҒАСУДА

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «УЧАСКЕ» ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

berdaly_oraz

Шерзат Полат ісі: Марқұмның әжесі сотталушылардың бірін кешірді

berdaly_oraz