Республика күні қарсаңында өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде инфрақұрылымды дамыту, өндіріс орындарын ашу және халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Республика күні қарсаңында облыста жалпы құны 60 млрд теңгеге жуық бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысан пайдалануға берілді. Жобалар тұрғын үй, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды.
Жалпы инвестицияның 22,3 млрд теңгеден астамы бюджет қаражаты есебінен, 35,6 млрд теңгеден астамы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. Нәтижесінде 648 адамды жұмыспен қамту көзделген. Бірқатар нысанның ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтады.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілді. Түркістан қаласында кезекте тұрған азаматтарға арналған 7 қабатты 14 тұрғын үйдің пәтерлері табысталды. Сарыағаш ауданында дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бірнеше ауданда мәдениет үйлері, кітапханалар мен спорт кешендері пайдалануға берілді.
Сондай-ақ Сарыағаш қаласындағы орталық стадион қайта жаңғыртудан өтіп, тұрғындар игілігіне ұсынылды. Ауылдық елді мекендерде табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізілді.
Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар да іске қосылды. Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін кәсіпорын мен алюминий композиттік панельдер зауыты ашылды.
Мақтаарал ауданында мақта майын өңдеу, Жетісай және Отырар аудандарында мақта өңдеу кәсіпорындары іске қосылды. Сайрам ауданында бидай өнімдерін өңдейтін диірмен мен азық-түлік қоймасы пайдалануға берілсе, Кентау қаласында өнеркәсіпке арналған технологиялық тораптар өндіретін зауыт ашылды.
Жаңа өндіріс орындары шикізатты терең өңдеуге, жергілікті өнім көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Жобалар аясында жеке инвестициялар есебінен 477 адам, бюджеттік инвестициялар есебінен 171 адам жұмыспен қамтылды. Осылайша, жоспарланған 648 жұмыс орны бойынша межеге қол жеткізілді.
Республика күні қарсаңында іске қосылған нысандар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, кәсіпкерлікті қолдауға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Жыл соңына дейін облыста тағы да бірқатар әлеуметтік нысан мен өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр.
