Арыс қаласында Республика күніне орай қалалық Мәдениет үйінде салтанатты мерекелік шара өтті. Елдің егемендігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын айтулы мерекеге қала әкімі Қайсар Маңқараев, ардагерлер ұйымының өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған қала әкімі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанын атап өтіп, бұл күннің ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды.
«Сондықтан да, бұл күн – мемлекеттік маңызы зор мереке болғандықтан, біз осындай тамаша кештің куәсі болып отырмыз. Сондай-ақ, бұл күн еңбек майталмандары марапат алып, құрмет-қошеметке бөленетін кез. Олай болса, мәртебемізді асқақтатып, ұлттығымызды ұлықтайтын айтулы мереке еліміздің әрбір шаңырағына шаттық ала келсін», – деді Қайсар Зәкірұлы.
Мереке аясында Арыс қаласының дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді. Қарапайым жұмысшыдан бастап, түрлі салада ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен ардагерлерге дейін марапатқа ие болды. Бұл – олардың қажырлы еңбегіне, ел мен жердің өркендеуіне қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Қала әкімі еңбек майталмандарына алғыс білдіріп, олардың еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Өйткені қаланың бүгінгі жетістігі мен өркендеуі – маңдай терін төгіп, туған жердің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегінің жемісі.
Салтанатты шара барысында тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстарды үлгілі ұйымдастырған тұрғындар мен мекемелер де марапатталды. «Үлгілі үй» байқауының қорытындысы бойынша 9 жеке тұрғын үй «Үлгілі үй», 6 аула «Үлгілі аула», 2 мекеме «Үздік мекеме» атанды. Сонымен қатар Әбдіразақов көшесі «Үлгілі көше», Монтайтас ауылы «Үлгілі ауыл» деп танылды. Байқау жеңімпаздарына қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұл байқау тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосқан азаматтарды ынталандыруға бағытталған. Үйі мен ауласын таза ұстап, көшесі мен елді мекенінің ажарын арттыруға атсалысқан тұрғындардың еңбегі көпшілікке үлгі болды.
Сондай-ақ, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында өткен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери-патриоттық клубы сайысында І орын иеленген «Оңтүстік арландары» әскери-патриоттық клубы Арыс қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қала әкімі жас патриоттарды жеңісімен құттықтап, олардың табандылығы мен Отанға деген сүйіспеншілігін жоғары бағалады. Жастарға алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғау жолында толағай табыстар тіледі.
Мерекелік кеш қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сахнада патриоттық әндер шырқалып, ұлттық би қойылымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерпаздардың әсем өнері мен мерекелік бағдарламасы Республика күніне арналған салтанатты шараның мазмұнын байыта түсті.
Республика күні – елдің егемендігін ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды мереке. Арыста өткен салтанатты шара осы мерекенің мән-маңызын айқындап, еңбек адамдарына құрмет көрсетудің, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің жарқын үлгісіне айналды.
Егемен елдің еңсесі биік, еңбек адамының мәртебесі әрдайым жоғары болсын!
