Түркістан облысында Кәсіпкерлер күніне орай заманауи көрме орталығы пайдалануға берілді. Жаңа нысан өңір кәсіпкерлерінің өнімдерін таныстыруға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және халықаралық көрмелер өткізуге мүмкіндік береді.
Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, аудан ақсақалдары мен еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар қатысты.
Жаңа нысан Түркістан қаласына іргелес Сауран ауданындағы өндірістік паркте орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 4 428 шаршы метрді құрайды. Оның 2 592 шаршы метрі көрме залына, ал 1 836 шаршы метрі әкімшілік-тұрмыстық кешенге арналған.
Орталықта көрме залынан бөлек, кеңсе бөлмелері, конференц-зал, лобби, кофехана мен асхана қарастырылған. Сондай-ақ ғимаратқа көлемі 358,5 шаршы метр болатын үлкен LED-экран орнатылған.
Мұнда халықаралық деңгейдегі көрмелер, жәрмеңкелер мен түрлі іскерлік іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған.
Көрме орталығы ашыла салысымен «Түркістанда жасалған» тауарлар көрмесі және Кәсіпкерлер күніне арналған республикалық форум ұйымдастырылды.
Жаңа орталық өңір кәсіпкерлерінің өнімдерін кеңінен таныстыруға, отандық тауарлардың нарықтағы орнын нығайтуға және Түркістанның инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған.
