Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.
Салтанатты жиында Президент Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы абыройын асырған спортшыларға алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы спортшылардың жеңісі – ел үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтіп, олардың табанды еңбегі мен жігерінің арқасында Азиада төрінде Қазақстанның Әнұраны шырқалып, көк Туы биікте желбірегенін айтты.
«Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спортшылардың жетістігі елде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі өзгерістермен үндесетінін жеткізді. Сонымен қатар кейінгі жылдары Қазақстан экономикасының нығайып, жаңа даму көрсеткіштеріне қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жақындайды. Бұл – аймақтағы ең жоғары көрсеткіш болмақ.
«Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек», – деді Президент.
Салтанатты марапаттау рәсімі отандық спорттың дамуына үлес қосқан спортшылардың еңбегін бағалап қана қоймай, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына, табандылық пен биік мақсаттарға ұмтылуға ынталандыратын маңызды оқиға болды.
