АРЫС-ШАРДАРА АЙНАЛМА ЖОЛЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ БӨЛЕНЕДІ

Арыс қаласының экологиялық келбетін жақсарту және жасыл желек аумағын кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда Арыс–Шардара тас жолының Наурыз шағын ауданы тұсындағы айналма жол бойына кезекті ағаш көшеттері отырғызылып жатыр.

Аталған бастама аясында қалаға кіреберіс және айналма жолдардың бойын көгалдандырып, тұтас жасыл аймақ қалыптастыру көзделген. Бүгінде жол жиегін абаттандыру және көшет отырғызу жұмыстары аяқталуға жақын.

Көгалдандыру жұмыстарын «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері атқаруда. Отырғызылған көшеттердің жақсы жерсінуі үшін тиісті күтім шаралары қолға алынған. Алдағы уақытта олар кезең-кезеңімен тамшылатып суару жүйесіне қосылып, айналасы қоршаумен қамтамасыз етіледі.

Бұл жұмыстар тек жол бойының эстетикалық көркін арттырумен шектелмейді. Жасыл желек аумағының ұлғаюы шаһардың экологиялық ахуалын жақсартуға, шаң-тозаңды азайтуға және қолайлы микроклимат қалыптастыруға ықпал етеді.

Туған қаланың тазалығы мен көркеюі – баршаға ортақ міндет. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – келешек ұрпаққа қалатын табиғи мұра, Арыстың жасыл әрі жайлы қалаға айналуына қосылған үлес.

Ұқсас жаңалықтар

Түлкібас ауданы аумағынан 250-ге жуық құстың түрі ұшып өтеді

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «УЧАСКЕ» ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

berdaly_oraz

Түлкібаста жаңа медициналық нысан ашылды