РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖҰМЫСШЫ ТОП КЕНТАУДА ЖОЛДАУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫН ТҮСІНДІРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.

Делегация құрамында ҚР Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев және Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бар.

Сапар аясында жұмыс тобы Кентау қаласының тұрғындарымен, өндіріс және энергетика саласының қызметкерлерімен кездесіп, Жолдауда белгіленген басым міндеттер мен оларды жүзеге асыру тетіктерін талқылады.

Алғашқы кездесу Кентау қаласы әкімдігінің ғимаратында өтті. Жиынды қала әкімі Жандос Тасов жүргізіп, республикалық жұмыс тобының мүшелерін көпшілікке таныстырды.

Басқосу барысында ел экономикасын жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, цифрлық экономиканы дамыту, инвестиция тарту, халықтың әл-ауқатын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері кеңінен сөз болды.

Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыру, электр энергетикасы саласын жаңғырту және тұтынушылардың электр энергиясына деген сұранысын тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен саланың тұрақты жұмыс істеуінің маңызын түсіндірді.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жұмыспен қамту, халық табысын арттыру, еңбек нарығын дамыту және азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытындағы басымдықтарды баяндады.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және цифрлық экономиканы қалыптастыру мәселелеріне назар аударды.

Кездесуге Кентау қаласының 150-ге жуық тұрғыны қатысты. Жиын барысында қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Молжігітов пен қалалық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Бақытжан Аширбаев та пікір білдіріп, өз ойларын ортаға салды.

Бұдан кейін республикалық жұмыс тобы Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығына барды. Делегация кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен, өндірістік қуатымен және жұмыс барысымен танысып, еңбек ұжымымен жүздесті.

1952 жылы пайдалануға берілген жылу электр орталығының негізгі қызметі – электр және жылу энергиясын өндіру. Бүгінде мұнда 241 қызметкер еңбек етеді. Кездесу барысында кәсіпорынның өндірістік әлеуеті, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, қолданыстағы қуаттарды тиімді пайдалану және сала мамандарының еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды.

Жұмыс тобының өкілдері энергетика саласының қызметкерлеріне Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді түсіндіріп, саланы дамытудағы алдағы басымдықтар жөнінде ақпарат берді.

Айта кетейік, республикалық жұмыс тобының өңірлерге сапарының негізгі мақсаты – Президент Жолдауында көтерілген міндеттерді халыққа жан-жақты түсіндіру, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және мемлекеттік саясаттың басым бағыттары бойынша ашық диалог қалыптастыру. Мұндай кездесулер ел дамуына қатысты маңызды бастамалардың мәнін терең түсінуге және оларды іске асыруға қоғамның белсенді қатысуына жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҰМАУ МЕН ЖРВИ-ГЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Redaktor Arysinfo

Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарының мәселелерін тыңдады

berdaly_oraz

Бәйдібек: «Жер аманаты» жобасы аясындағы аймақтық комиссия көшпелі отырысы өтті

berdaly_oraz