ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САЙЛАУ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ БІЛІМІН ТЕКСЕРДІ

Түркістан облысында мәслихат депутаттарының сайлауын әзірлеу және өткізу мәселелеріне арналған оқыту семинары мен біліктілікті тексеру тестілеуі ұйымдастырылды. Іс-шараға аудандық, қалалық аумақтық және округтік сайлау комиссияларының 120-ға жуық мүшесі қатысты.

Жиынға Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қуандық Құлажанов модераторлық етті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Электораттық оқытуды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ерлан Абдақасов арнайы қатысып, комиссия мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейін бағалау мақсатында тестілеу өткізді.

Семинар барысында сайлау процесін ұйымдастырудың маңызды бағыттары бойынша сала мамандары баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Атап айтқанда, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Гүлбала Махамбетова сайлау науқанын қаржыландыру және бөлінген қаражатты тиімді пайдалану тәртібін түсіндірді. Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Қырықбаев учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс тәжірибесі мен өзекті мәселелерін талқылады.

Ал Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Руслан Оспанов саяси науқан кезінде комиссияларға жүктелетін негізгі міндеттерге тоқталды. Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәбит Реметов дауыс беру күні туындауы мүмкін шиеленісті жағдайларда комиссия мүшелері ұстануы тиіс іс-қимыл алгоритмін таныстырды.

Оқыту барысында қатысушылар нақты жағдайларға негізделген кейстерді талқылап, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ интерактивті ойындар арқылы практикалық дағдыларын жетілдірді. Жиын соңында пікір алмасу ұйымдастырылып, біліктілікті тексеру тестілеуінің нәтижелері жарияланды.

Айта кетейік, сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығы комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Осы бағытта жыл басынан бері Түркістан облысында каскадтық және заманауи интерактивті (Gamification) әдістерді қолдану арқылы 581 оқу семинары өткізілген. Оның 218-і каскадтық тәсілмен ұйымдастырылған.

Ал мәслихат депутаттарын сайлау науқанына дайындық аясында аудандық, қалалық аумақтық, учаскелік және округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған 307 оқыту семинары өткізілді. Оқу бағдарламаларына ахуалдық модельдеу, төтенше және күтпеген жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері, сондай-ақ заңнама талаптарына сәйкес жедел шешім қабылдау тетіктері енгізілген.

Бүгінде Түркістан облысында мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға 1 282 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Олардың құрамында 7 976 мүше қызмет атқарады. Өңірде барлығы 952 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 26-сы жабық учаске.

Ұқсас жаңалықтар

ҚАЗІРГІ МЕДИАДАҒЫ ДІН БЕЙНЕСІ

Арыс өзенінде қыз бала суға батып,қайтыс болды

berdaly_oraz

Арыста «Жасыл аула» акциясы өтті: тұрғындар туған жерін көгалдандыруға үлес қосты

berdaly_oraz