Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістан облысындағы дін өкілдерімен жүздесті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында айтылған дін және руханият саласына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды.
Кездесуге қатысқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, ғылым докторы Досай Кенжетай, облыстың бас имамы Ержан Төлепов және Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Халықов ұлттық руханиятты сақтаудың, дінді қоғаммен үйлестірудің маңыздылығына тоқталды. Олар дін мен дәстүрдің сабақтастығын сақтау – ұлттық тұтастықтың кепілі екенін атап өтті.
Мәлік Нұржанұлы өз сөзінде Ұлттық құрылтайда көтерілген түйткілдерге назар аударып, дін атын жамылып қоғамға іріткі салуға тырысатын әрекеттерге тосқауыл қоюдың маңызын атап өтті. Ол ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайту, заңдылық пен тәртіпке бағыну, рухани бірегейлікті сақтау, дәстүр мен құндылықтарды ұрпаққа аманаттау мәселелері жөнінде ой бөлісті.
Кездесу пікір алмасуға, дін саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік берді. Қатысушылар қоғамның рухани дамуына діннің оң ықпалын арттыру жолдарын бірлесе қарастыру қажет екенін жеткізді.