Келес ауданы, Біртілек ауылдық округіне қарасты Жолбасшы ауылында жаңа ашық футбол алаңшасы ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл – ауыл жастары мен тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын маңызды инфрақұрылымдық жоба, — деп хабарлайды Arysinfo. kz.
Салтанатты шараға Келес аудандық мәслихатының төрағасы Нұржан Шаулиев, ауылдық округтің әкімі Бақтияр Нұрымбетов және жергілікті тұрғындар қатысты. Мәслихат төрағасы алаңшаның лентасын қиып, ауыл жастарын қуанышты сәтпен құттықтады. Ол өз сөзінде спорттың ел болашағы – жастардың денсаулығы мен өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
Өңір тұрғындары спорт алаңның ашылуына дән риза, олар өз алғыстарын білдіріп, мұндай бастамалар жастарды зиянды әдеттерден алшақ ұстап, бос уақыттарын пайдалы өткізуге жол ашатынын жеткізді. Жаңа футбол алаңшасы заманауи талаптарға сай салынған. Жасанды жабындысы мен қауіпсіздік шаралары сақталған нысан енді ауыл балалары мен жастары үшін ашық әрі қолжетімді болмақ.
Келес ауданында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, Абай ауылында 250 орындық спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, бұл нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар Алпамыс батыр ауылдық округінде өткен жылы жаңа спорт мектебі салынды. Бұл мектепте шахмат, бокс, қазақ күресі, қол күресі және үстел теннисі секілді спорт түрлері бойынша жаттығулар жүргізіледі.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданда 9 кіші футбол алаңы салынды. Бұл алаңдар тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасап отыр.