Марокко шегірткесіне қарсы 334,8 мың га жерге дәрілеу жұмыстары жүргізілді

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданында кезекті штаб отырысын өткізіп, марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу барысын саралады, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Күн тәртібіне сәйкес, секторларға бекітілген бақылаушылар сөз алып, бақылау нәтижесін баяндады. Жиында мамандар тағы 40 мың га жер дәріленуі тиіс екенін айтты.

Арыс қаласына тиесілі 6-7 секторда дәрілеу жалғасуда, 12-секторға қосымша 4 техника жеткізілген. Қожатоғай мен Байтоғайдың арасын зерделеу барысында кей аймақтардағы шегірткелердің экономикалық зиянды шегіне жетпейтіні анықталды. Нәтижесінде ұшақпен дәрілеу ұсынылды. Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев қосымша қажетті техникалар ұйымдастырылатынын, химиялық өңдеуді мерзімінде аяқтауға күш салынатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар 29, 30, 34-секторларда жұмыс қарқынын арттыру жайы қозғалды. Шардара ауданымен шекаралас алқаптарға бақылауды күшейтіп, шегірткелердің ересек кезеңіне өтуіне байланысты дәрі мөлшерін арттыру мәселесі көтерілді. 23-28 сектор аралығында мәселе жоқ, анықтаушылар қайта бақылауға кіріскен. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев мамыр айының алғашқы он күнінде негізгі жұмыс ауқымы аяқталып, аймақтар тазаланатынын жеткізді.

«52-секторда техникалар жұмыс атқаруда, бүгін дрондар ауа-райының қолайсыздығынан ұшырылмаған. Әлімтауға қажетті техника жеткізілген 500 га дәріленсе, алқаптарды тазалауды бастаймыз» деді жауаптылар.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жұмыс барысында туындаған мәселелерді жеке қадағалайтынын, тиісті шаралардың мерзімінде атқарылуын ұйымдастырып, аудандармен шектесетін алқаптарға қадағалуды күшейтетінін айтты. Аудан басшысы химиялық өңдеу жоспарға сәйкес аяқталатынын мәлімдеді.

Нұрбол Тұрашбеков жұмысы аяқталған сектор техникаларын қауіпті аймақтарға жұмылдыруды тапсырып, химиялық препараттар мен жанар-жағармай қорын күнделікті тексеруді ескертті.

— Әріптестер, жұмыстың көбі кетіп, азы қалды. Бірақ, босаңсуға болмайды. Барлық мүмкіндікті қолданып, асқан жауапкершілікпен бұл науқанды абыроймен өткеруіміз қажет. Бүгін ел бізге қарап отыр, ал біз ертең жерге қарамаудың әрекетін жасайық, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар

Жасанды интеллект арқылы Қазақстандағы алғашқы анимациялық фильм Түркістанда дайындалды

Түркістан облысында полиция мен азаматтар есірткіге қарсы күресте бірікті

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Дулат Исабеков дүниеден өтті

berdaly_oraz

Пікір жазу