Арыс ауданына қарасты Монтайтас ауылында екі тұрғын Ресейлік алаяқтардың құрбанына айналып, жалпы сомасы 12 миллион теңгеге несие рәсімдетіп берген. Жәбірленушілердің бірі 9 миллион теңге, екіншісі 3 миллион теңге несие алуға мәжбүр болған.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Оқиға мамыр айында орын алған. Беймәлім нөмірлерден «SIM картаңыздың мерзімі аяқталуда» деген желеумен бірнеше мәрте қоңырау шалған алаяқтар жәбірленушілерден нөмірге келген растау кодын сұраған. Кодты алған бойда олар бірден банк арқылы онлайн несие рәсімдей бастаған.
Бастапқы әрекеті сәтсіз болған алаяқтар келесі хабарласуында өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушінің атына алаяқтық жолмен несие рәсімделіп жатқанын айтып, оны «бұғаттау» үшін қаражатты арнайы шотқа аудару керек деп сендірген. Осылайша, жәбірленушілер рәсімделген несиені Қазақстандағы алаяқтардың серіктесіне тиесілі картаға аударып жіберген.
Кейін оларға несиенің кері қайтарылғаны жайлы жалған түбіртек ұсынылып, байланыс үзіледі. Тек үйдегі туыстарының кеңесімен банк шоттарын қайта тексерген жәбірленушілер алданғандарын бір-ақ білген.
Қазір аталған факті бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Мамандар ешқашан бөгде адамдарға SMS арқылы келген кодты, әсіресе банкке қатысты ақпаратты беруге болмайтынын ескертеді.