Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстау және рұқсатсыз қоқыс тастауға жол бермеу мақсатында сенбілік жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл игі бастама аудан халқының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқаруда, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Осы ретте ауданда кезекті ауқымды сенбілік өтті. Іс-шараға мекеме қызметкерлері, жастар, ауыл тұрғындары белсене қатысып, ауданның барлық ауыл округтерінде тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қатысушылар көшелерді, қоғамдық орындарды, саябақтарды қоқыстан тазартып, тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сонымен қатар ағаштарды, ағаш қоршауларын ретке келтіріп, көше бойындағы шөптерді орып, қоршаған ортаға жанашырлық танытты.
Табиғатты аялау бағытында сенбілікке қатысушылар жасыл желектерге ерекше назар аударды. Атап айтқанда, көшеттер мен көше бойындағы ағаштарды суару жұмыстары да жүргізіліп, жасыл аймақтардың сақталуына үлес қосты.
Сенбілік барысында аудан әкімі Азизхан Исмаилов тазалық жұмыстарының жүргізілу барысын өзі бақылап, жауапты сала мамандарына мұндай шараларды жүйелі түрде әрі тұрақты ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ аудан басшысы тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, табиғатты аялауға және экологиялық мәдениетті ұстануға шақырды.