“Жарнама тақтасы құлаған”: Мысырдағы әуежайда қазақстандық әйел қаза тапты

Фото: Instagram/ anvar_shalekenov

Мысырдың Шарм-эль-Шейх әуежайында жолаушылардың үстіне жарнамалық тақта құлады. Оқиға салдарынан Қазақстан азаматы қаза тапты, тағы екі адам жеңіл жарақат алды, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, қайғылы оқиға 17 мамырда болған.

«Шарм-эль-Шейх әуежайының ұшу аймағында рейске отырғызуды күтіп отырған жолаушылардың үстіне жарнамалық тақта құлап түсті. Оқиға салдарынан Қазақстан азаматшасы қаза тауып, тағы екі отандасымыз жеңіл жарақат алды», – деп хабарлады СІМ.

Министрлік өкілдері қаза тапқан адамның туыстарымен байланыс орнатылғанын, оларға консул барлық қажетті көмек көрсетіп жатқанын айтты.

«Жарақат алған екі әйелге қажетті медициналық көмек көрсетілді, олардың өміріне қауіп жоқ. Мысыр тарапы Қазақстан азаматшасының қайғылы қазасына байланысты шын көңілден көңіл айтты. Мысырдың азаматтық авиация министрі бұл оқиғаны жеке бақылауына алды және оқиға орнына дереу комиссия жіберді. Қазіргі уақытта тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген СІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазақстанның елшілігі де бұл оқиғаны ерекше бақылауға алғанын атап өтті.

Әлеуметтік желіде журналист Әнуар Шалекенов әуежайда мерт болған әйел туралы естелігін жазды. Ақмарал Мұқанова – ішкі істер органдарының ардагері болып шықты. Мұқанова зейнеткерлікке шыққаннан кейін Астанада тұрған.

Журналист марқұмның өте мейірімді әйел екенін, ешкімді назардан тыс қалдырмай ойлап жүретінін атап өтті.

«Саяхаттауды, әсіресе ұлымен бірге түрлі елдерді аралауды өте жақсы көретін», — деді журналист.

Айта кетері,  қайғылы оқиға кезінде әйел ұлымен бірге болған.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысы әскерге шақырушылар саны бойынша Республикада көш бастап тұр

Арыс қаласындағы мемлекеттік мекемелерге қоғамдық бақылау жүргізілді

Шымкент қаласында Наурыз мереке күндері бейнебақылау арқылы 1000-ға жуық құқық бұзушылықтар анықталды

berdaly_oraz

Пікір жазу