Түркістан облысында мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында өткізілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығында орналасқан №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясындағы соңғы қоңырау рәсіміне қатысып, жас түлектерге жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Аяқталғалы отырған оқу жылы өңір үшін де жемісті жыл болды. 2024-2025 оқу жылында 33 884 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның 2313-і – «Алтын белгіге» үміткерлер, 2400 оқушы жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 386 оқушы өтінім білдірген.
– Сіздерді Оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Биыл Наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті» деп айтқан болатын. Осы оқу жылында облыста білім саласында барлық білім алушылардың жағдайы үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Түркістан облысында биылғы оқу жылында жалпы 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алды. Облыс оқушылары әртүрлі республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, 12 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль иеленді. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан әр кезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай, ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызды тілеймін, – деді Бейсенбай Дәулетұлы
2026-2028 жылдар аралығында Түркістан облысында 16100 орынды 53 мектеп салу жоспарлануда. Облыста биыл 100-ден мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылы 34 аптаға жалғасты. Бүгін барлық 1-11 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілді. Бұл оқушылардың жыл бойы алған білімін қорытындылап, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.