Бүгінде Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында сенбілік тұрақты түрде өткізілуде, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Осы ретте, аудандағы Жоғарғы Ақсу ауылдық округіне қарасты Мәдени елді мекенінде тазалық шарасы ұйымдастырылды. Жалпы саны 500-ге жуық тұрғын қатысқан сенбілікте саябақтар, мешіт маңы, көше бойлары, қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, ағаштар бұталып, тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Нәтижесінде, жиналған қоқыс 7 техниканың көмегімен арнайы орынға жеткізілді.
Шара тек қоршаған ортаны ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен ұйымшылдықты нығайтуға, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған. Сенбілікке қатысушылар тазалық жұмыстарынан кейін арнайы қазанға ыстық тағам дайындап, бірлігі мен ынтымағының үлгісін көрсете отырып, үлкен дастарханда бас қосты. Дәстүрге айналған жиынды әр көше кезегімен ұйымдастырып, татулықтың туын көтеріп келеді.