Қарсыбай Ақтаевты еске алуға арналған облыстық термешілер байқауы өтті

Ақдала ауылы – тағы бір мәрте өнердің ордасына айналды. 18 маусым күні осы ауылдағы Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арыс қаласының мақтанышы, әйгілі жыршы-термеші Қарсыбай Ақтаевты еске алуға арналған облыстық термешілер байқауы табысты өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Аталмыш байқауға Түркістан облысының барлық аудандарынан және Арыс қаласынан келген жыр алыптары қатысып, жыр мен терменің тереңіне бойлады. Байқаудың салтанатты ашылуына Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, өңірімізге белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Қарсыбай Ақтаевтың шәкірттері мен ауылдастары арнайы қатысты.

Шара шымылдығы термешінің кіндік қаны тамған жері – Ақдала ауылындағы Мәдениет үйінде Қарсыбай Ақтаевтың есімін иеленген арнайы бөлменің ашылуымен басталды. Бұл – ұлы өнерпаздың өмірі мен шығармашылығын ұрпаққа ұлағаттау жолындағы маңызды қадам.

Артынша жыр додасы басталып, термеге сусап отырған көрермен рухани шабытқа бөленді. Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылып, өнерпаздар өзара тартысты өнер сайысын көрсетті. Әділқазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігін, мақамын, мазмұн тереңдігін ескеріп, төмендегідей қорытынды жасады:

Бас жүлде – Әлімбеков Ералы (Арыс қаласы)

І орын – Саттарова Динара (Түлкібас ауданы)

ІІ орын – Келдебек Ердәулет (Арыс қаласы)

ІІ орын – Жайылхан Талғат (Созақ ауданы)

ІІІ орын – Диханбай Ерсайын (Түркістан қаласы)

ІІІ орын – Тасқұлов Серік (Шардара ауданы)

Әкім жүлдесі – Әкетай Арман (Кентау қаласы)

Қарсыбай Ақтаев атындағы арнайы жүлде – Мусабекова Анеля (Сарыағаш ауданы)

Арнайы жүлде – Бейсетаев Досжан (Төлеби ауданы)

Арнайы жүлде – Төретаев Сәкен (Мақтаарал ауданы)

Арнайы жүлде – Асан Мұхтар (Отырар ауданы)

Барлық жүлделі орын иелеріне арнайы қаржылай сертификаттар табысталды.

Бұл байқау Қарсыбай Ақтаевтың ұлттық өнерге сіңірген өлшеусіз еңбегіне деген құрметтің жарқын үлгісі. Кезінде өзі негізін қалаған Майлықожа атындағы термешілер мектебінен қанат қаққан шәкірттері бүгінде ел алдында жүрген өнер иелеріне айналды.

Рухани құндылықты ардақтап, жыр мұрасын жас ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен бұл игі шара көрермендердің де, қатысушылардың да жүрегінен орын алды.

Ұқсас жаңалықтар

Білім бөлімдері басшыларының есебі тыңдалды

Арыс қаласында марокко шегірткесіне қарсы күрес күшейтілді

berdaly_oraz

Арыста кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды

berdaly_oraz

Пікір жазу