Арыс қаласында өңірлік баспасөздің қарашаңырағы саналатын «Арыс ақиқаты» газетінің 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Төл газеттің торқалы тойына ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ақын, журналист Қазыбек Иса, аудан-қаланың газет басшылары, БАҚ өкілдері, басылымда еңбек еткен ардагерлер мен оқырмандары, газет жанашырлары арнайы шақырылды.
Мерейтойлық күннің бағдарламасы газет редакциясы жанындағы әдебиет және өнер бірлестігінің салтанатты ашылуымен жалғасты. Бұл бастама өңірдің талантты қаламгерлері мен өнер иелерінің шығармашылығын қолдауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Іс-шара аясында «Арыс ақиқаты» газетін ұзақ жылдар басқарған, ақын Сабырхан Әлбекұлының шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, Абай атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханада көпшілік назарына ұсынылды.
Әрі қарай С.Адамбеков атындағы бірлестік мүшесі, мүсінші Мүтәліп Күздеубаевтың туындылары қойылған сурет көрмесі қалалық Мәдениет сарайында өтті. Өнер иесінің тарихи тұлғалар мен рухани мұра тақырыбындағы туындылары көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Мерейтойға орай арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы құттықтау сөз сөйлеп, газеттің әр жылдарында еңбек еткен қызметкерлері мен редакция ұжымын құттықтады.
Басылымда еселі еңбек еткен ардагерлер мен тілшілерін, газетпен етене жұмыс жасаған бірқатар азаматтарды арнайы «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» және «Арыс ақиқаты газетіне 90 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
Салтанатты шара аясында зейнеткерлер газеттің әр жылдардағы жай күйінен сыр шертіп, тәжірибелерімен бөлісіп, қызықты сәттерін де баяндап өтті. Жиында мәдениет сарайының әзірлеген концерттік бағдарламасы қойылып, шара соңы қонақтарға әзірлеген дастарханға ұласты. Торқалы тойда келген қонақтар төл газеттің мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ бірқатар азаматтар марапаттарға ие болды.
Айта кетейік, «Арыс ақиқаты» газеті – Түркістан облысындағы тарихи басылымдардың бірі. Газет 1935 жылы шыға бастады. Әр жылдары «Социалистік жол», «Коммунизм таңы» болып шыққан газет тәуелсіздік жылдары «Арыс ақиқаты» атауымен шығып келеді. Газетіміздің сарғайған беттерінде әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев, жазушы-драматург, сатира сардары Садықбек Адамбеков, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург Дулат Исабеков, ақындар Қосжан Мүсірепов, Бекен Әбдіразақов, Нәмет Сүлейменов, Қаныбек Сарыбаев, Нармахан Бегалыұлы сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің қолтаңбалары сайрап жатыр.