Түркістан облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқығын қорғау мен оларды қоғам өміріне белсене тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте осы саладағы атқарылған шаралар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жиын барысында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары егжей-тегжейлі қаралды.
Түркістан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәліметінше, қазіргі таңда өңірде 98 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың басым бөлігі – ересектер. Осы санаттағы азаматтарға өмір сүру сапасын арттыруға, олардың еркін қозғалып, қоғамға араласуына жағдай жасау — басты мақсат.
Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдету бағытында бірқатар оң өзгерістер енгізілді. Енді мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті санитарлық-гигиеналық құралдар мен санаторийлік емге жолдама алу үшін өтініш беру процесі автоматтандырылған. Бұрынғыдай құжат жинап, мекемелерді аралаудың қажеті жоқ — 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы смс-хабарлама арқылы өтініштер тіркеледі, ал ақпарат автоматты түрде әлеуметтік қызметтер порталына жіберіледі. Бұл бастама азаматтар уақытын үнемдеп қана қоймай, адами факторды азайтып, үдерістің ашықтығын қамтамасыз етуде.
Нәтижесінде өтініш білдірушілердің саны 23 пайызға артқан. Яғни, былтырғы 40 мың адамның орнына биыл 50 мыңға жуық өтініш тіркелген. Бұл – халықтың жаңа жүйеге сенім арта бастағанының көрсеткіші.
Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін техникалық көмек құралдары мен әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік артуда. 2024 жылы 66 860 өтініш қанағаттандырылып, мемлекет тарапынан 17,1 млрд теңге бөлінген. Биыл бұл мақсатқа 14,6 млрд теңге бағытталуда. Бұған протездік-ортопедиялық құралдар, сурдотехникалық және тифлотехникалық жабдықтар, жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметі кіреді.
Жиында мүгедектік белгілеу барысындағы кейбір даулы жағдайлар мен заң бұзушылықтар да назардан тыс қалмады. Бұл мәселелер бойынша әділетті шешім қабылдау үшін жаңа талдау тетіктері енгізілмек. Әрбір өтініш жеке сараланып, құжаттар мен медициналық қорытындылар әділ қаралуы тиіс.
Түркістан облысында инклюзивті қоғам құру бағытындағы жұмыстар да қарқын алып келеді. Мүгедектігі бар адамдардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына және қоғамдық өмірге араласуына қолайлы жағдай жасау — мемлекет пен жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылым интерактивті карта негізінде бейімделуде. Яғни, қоғамдық нысандардың барлығы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болуы тиіс.
2025 жылға дейін 6000 ерекше қажеттілігі бар адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде 1059 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл — тек сан емес, олардың өмірге деген құлшынысын арттырып, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жол ашады.
Осылайша, Түркістан облысында инклюзивті қоғам құру ісі сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденіп келеді. Бұл тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Әрбір адам – ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға атсалысуы тиіс.
