Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 2024 жылдағы қорытынды отырысы өтті.
Алқалы басқосуға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира жанғазиева, облыстық ҚХА жанындағы қалалық, аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, жастар қатысты.
Келелі жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов қоғамдағы аналардың рөлі мен жауапкершілігі және жастар тәрбиесі жайлы, сондай-ақ Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында және Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды.
Күн тәртібіне сәйкес, жиында «Салауатты сана» жобасының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарының Түркістан облысында атқарылуы жөнінде облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева, сондай-ақ 2024 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде Кентау қалалық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Маржан Кривенцова, Түлкібас аудандық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Назым Қуанышбекова баяндама жасады.Сондай-ақ жиында Аналар кеңесінің төрайымына жастар өкілінен орынбасар тағайындау жайы талқыланды.
Мемлекет басшысы – Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-ші сессиясында жастар ұйымдарының өкілін Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдары төрағаларының орынбасарларының бірі ретінде тағайындау мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын.
Сол тапсырмаға сәйкес, көпшілік дауыспен Аружан Шекербек облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары болып сайланды. Аружан Мамытқызы Арыс қаласында дүниеге келген. 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармада қызмет етіп келеді. Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы Түркістан облыстық филиалының төрағасы.
Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
Жиын соңында этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелеріне құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен Түлкібас аудандық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Ақсұлу Күзембаева және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен Сарыағаш аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жәмилә Ермаханбетова марапатталды.
Сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеу және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу бағытында белсенді еңбектері үшін бірқатар ақ жаулықты аналар ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің 10 жылдығына арналған төсбелгімен және облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Жиында атап өтілгендей, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында, Ассамблеяның 33-сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздің жұртшылығын ізгі қоғам құруға, қоғамымызды дендеп тұрған «бес кесел» — нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықтан сақ болуға шақырды.
Осыған байланысты, бүгінгі жиында Түркістан облыстық Қазақстан халқы жанындағы Аналар кеңесі барша аналардың атынан бүкіл ел жұртшылығына Үндеу жариялады.


