Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы қорғалып келеді

Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары заңмен бекітілгенімен, шын мәнінде қоғамда олар жиі шеттетіліп, түрлі кедергілерге тап болады. Еркін қозғалыс, білімге қол жеткізу, жұмыспен қамтылу, әлеуметтік және медициналық қолдау секілді мәселелерде әлі де түйткілдер жетерлік. Осы олқылықтарды жою бағытында Түркістан облысының прокуратурасы нақты әрекетке көшті.

Жақында өңір прокурорлары Түркістан қаласындағы «Самғау» оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі жандармен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың талап-тілектерін тыңдау және шешімін таппай жүрген әлеуметтік мәселелерді нақтылау мақсат етілді. Жарымжан жандар өздерін алаңдатқан бірқатар проблемаларды ашық айтып, әсіресе ауылдық елді мекендерде маман тапшылығы мен инфрақұрылым қолайсыздығын тілге тиек етті.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 101 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Бұл – үлкен әлеуметтік топ. Прокуратураның қадағалауымен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 15 434 азаматтың құқығы қорғалған. Яғни, олардың арыз-шағымы негізінде әкімшілік, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік саладағы бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, түзетілді.

Мәселен, Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 320-дан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Бұл азаматтарға тиесілі көмектер кешіктірілмей беріліп, кейбірінің емдеу шараларына жолдама мен әлеуметтік қолдаулар қамтамасыз етілді. Қоғамдық нысандардағы пандус, арнайы әжетхана мен тактильді белгілердің жоқтығы сияқты инфрақұрылымдық кемшіліктер де назардан тыс қалмады.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, алдағы уақытта мұндай кездесулер мен тексерістер жүйелі түрде өткізіліп отырады. Себебі мүгедектігі бар азаматтардың мүддесін қорғау – құқық қорғау органдарының басты бағыттарының бірі.

Зауырбек Серікболсын, Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі:

«Кездесудің мақсаты – құқықтық көмек көрсету және де олардың уәждерін тыңдау. Аталған іс-шара прокуратура органдарымен ары қарай өз жалғасын табады. Біз қоғамның әр мүшесі заңмен тең қорғалуы тиіс деген ұстанымды басшылыққа аламыз», – деп атап өтті.

Бұл бастама қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен теңдікті нығайтуға, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеріп, оларға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Ең бастысы – бұл кездесу сол азаматтардың үнін естіп, мәселелерін дер кезінде шешуге бағытталған нақты қадам.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістандағы “Жеңіс” саябағында сенбілік өтті

Арыста тұрғындар ағаш отырғызуға жұмылды: «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы өтті

berdaly_oraz

Түркістан өңірінде медицина нысандарының инфрақұрылымы жаңаруда

Альфия Адамбек