Түркістанда жаңа фитнес-орталық есігін айқара ашты

Түркістанда жаңа фитнес-орталық есігін айқара ашты,-деп хабарлайды Арысинфо тілшісі .

Түркістан қаласында заманауи үлгіде салынған «A.B.L.» спорттық-сауықтыру кешені ашылып, өңірдің спорт инфрақұрылымына тағы бір маңызды нысан қосылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде Түркістанның бүгінде тек тарихи-рухани орталық қана емес, спорттық өмірдің де бел ортасында тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын орындау аясында өңірде спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

– Өткен жылы облыста 73 спорт нысанының құрылысы аяқталды. Биыл тағы 54 нысан пайдалануға беріледі. Олардың ішінде елімізде теңдесі жоқ екі ірі жоба – ипподром мен ескек есу каналы бар. Бұл – спортты дамытуға және халықтың денсаулығын нығайтуға арналған мемлекетіміздің берік ұстанымының айқын дәлелі. Біз тек жаңа ғимараттар салып қана қоймай, олардың тиімді әрі қолжетімді жұмыс істеуіне баса мән береміз. Бүгінгі ашылып отырған кешен қала тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруына, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Жаңа фитнес-орталық қазіргі заман талаптарына толық сай жабдықталған. Мұнда бірнеше жаттығу залы, волейбол алаңы, жекпе-жекке арналған арнайы орын, сондай-ақ жүзу бассейні бар. Ғимарат заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл келушілерге кәсіби деңгейде жаттығу жасауға мүмкіндік береді.

Кешеннің басты мақсаты – қала тұрғындарына спортпен тұрақты айналысуға жағдай жасап, дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыру. Мұнда тек кәсіби спортшылар емес, түрлі жастағы және дайындық деңгейіндегі адамдар да жаттыға алады.

Бұл нысанның ашылуы Түркістандағы спорттық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам саналады. Соңғы жылдары өңірде тек кәсіби спорт қана емес, бұқаралық спортты қолдауға бағытталған шаралар қарқын алған. Жаңа орталық соның жарқын мысалы болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда ҚХА-ның 30 жылдығына орай «Үкілі домбыра» байқауы басталды

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН 7 АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ӨЛШЕУ СТАНЦИЯСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

berdaly_oraz

В обществе – солидарная ответственность