Қазығұрт ауданының төрінде аудан әкімдігі мен демеушілердің қолдауымен өткен “QAZYGURT FEST” мерекелік концертіне он мыңға жуық тұрғын жиналды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Азизхан Исмаилов сөз алып, “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында өз ісіне адал қызмет етіп жүрген бірқатар еңбек адамдары мен үздік мекемелерге алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ, аудан жастарының “1 тамызды – Қазығұрт жастары күні” деп белгілеу туралы ұсынысын қолдап, жастардың бастамаларына әрдайым ашық екенін айтты.
Кеш барысында сахнаға Өктем Алтаев, Қайрат Түнтеков, Серік Ибрагимов, Әділет Жауғашар сынды танымал әншілермен бірге Ақсұңқар, Диана Алдабергенова, Әділ, Әли, Бағдат, Баянсұлу, Есқара Бейбітов және аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары көтерілді.
Көрерменнің көңілін көтерген “Jaidarman” әзіл жобасының танымал командалары — “Абырой”, “Ақбұлақ” және “Самал 3” өздерінің тапқыр қалжыңдарымен залды күлкіге бөледі. Мерекелік кеш соңында отшашу ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйланды.
