САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ӘКІМШІЛІК ІС ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІМЕН ҚАРАЛАДЫ

Ата Заңымыз Конституцияда көзделгендей, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңы Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжiлiсiнің, мәслихаттардың депутаттарын, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дайындық және оны өткiзу кезінде туындайтын қатынастарды реттейдi.

Республикадағы сайлау азаматтардың сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделедi. Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.

Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы — Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы болып табылады.

Қазақстан Республикасында сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастыратын мемлекеттiк сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады.

Сайлау комиссиялары мынадай жүйеден тұрады: Республиканың Орталық сайлау комиссиясы; аумақтық сайлау комиссиялары; округтік сайлау комиссиялары; учаскелiк сайлау комиссиялары.

Сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткізу мәселелеріне қатысты, оның ішінде сайлау туралы заңнаманың бұзылуы туралы сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңiнде туындаған даулар сот арқылы қаралады.

Сайлау комиссиясының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шешім қабылданған немесе іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күннің ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін. Көрсетілген мерзімдер өткеннен соң сайлау комиссиясының шешіміне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген өтініш қарауға жатпайды.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің 25-тарауында сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау туралы әкімшілік істер бойынша іс жүргізу тәртібі қарастырылған.

Сайлауды, республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнінен бастап бір ай ішінде келіп түскен талап қою – бес күндік мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскен талап қою дереу қаралуға тиіс.   Ал, сайлаушылардың тізімдерін түзету қажеттігі туралы сайлау комиссиясының шешіміне жасалған шағымдар келіп түскен күні сотпен қаралуға тиіс.

Талап қоюды сот талап қоюшының, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органы, кәсіпорын, ұйым өкілінің, прокурордың қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмей қалуы әкімшілік істі қарауға кедергі болмайды.

Талап қою негізді деп танылған соттың шешімі бұзылған сайлау құқығын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.

Бірінші сатыдағы соттың шешіміне  шешімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.     Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.

Заңды күшіне енген соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына, кәсіпорынға, ұйымға, сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.

         

                                                                   Түркістан облысының  мамандандырылған ауданаралық

                                                                   әкімшілік сотының судьясы  Гульмира Мекембай

Ұқсас жаңалықтар

Польша премьер министрі Украинаға қолдау көрсететінін айтып,Еуропа оянды деді

berdaly_oraz

Президенттің 2024 жылғы Жолдауы: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 10,4 млн-нан астам адамды игілікке ұйыстырды

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМЫ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo