үркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтіп, оған мыңнан астам бала қатысты. Балаларға шаттық сыйлаған мерекеде олардың жетістіктері дәріптеліп, болашаққа бағытталған жаңа бастамалар таныстырылды.
Мерекелік шара барысында халықаралық және республикалық олимпиадаларда топ жарған 20 дарынды оқушы марапатталып, қаржылай сыйақылар табысталды. Бұл – білім мен еңбектің, ұстаздар мен ата-аналардың қолдауының нақты нәтижесі.
Іс-шара аясында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын Түркістан облысында жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары таныстырылды. Жоспар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білімге қолжетімділігін арттыруға, денсаулығын нығайтуға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Сонымен қатар «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы кеңінен насихатталып, отбасы құндылықтарын нығайту мен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері көтерілді.
Мерекелік кеште дарынды оқушылар мен жас өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Шараға қатысқан 1000 балаға қазақ әдебиетінің таңдаулы кітаптары сыйға тартылды.
Түркістан облысында балалардың сапалы білім алып, шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
