Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Отырар ауданындағы ірі кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты. Сапар барысында инвестициялық жобалардың тиімділігі мен өңірдегі еңбек жағдайларының жағдайы тексерілді.
Ең алдымен Ертай Кенжебекұлы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-де болды. Мұнда заманауи агротехнологияларды пайдаланып, мақта өнімділігін арттыруға бағытталған жобаның жұмысы мен нәтижесі көрініс тапқан. Кәсіпорын басшылары мен жобаны жүзеге асырушы мамандармен кездесуде Ертай Алтаев жобаның инвестициялық әлеуетін, өндіріс көлемін ұлғайтуға арналған шараларын бағалады.
Жоба «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпорын заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары сапалы шикізат базасын құруға, соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттарын, тамшылатып суару жүйелерін өндіретін өндіріс орындарын және қажетті инфрақұрылымдық нысандарды енгізуге бағытталған. Сапар барысында Ертай Алтаев жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ олар үшін жатын орындарын ұйымдастыру секілді мәселелерді бақылауға алу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Шәуілдір ауылындағы орталық спорт алаңының құрылысын аралап, жөндеу жұмыстарын тексерді. Құрылысқа жауапты мердігер компания басшыларымен кездесіп, жобаның сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін нақты міндеттер жүктеді. Мердігерлер ағымдағы жұмыстардың барысын баяндап, алаңшаның маусым айында басталған жөндеу жұмыстары тамызда толық аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілуі жоспарланғанын жеткізді. Бұл алаңда ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу, сондай-ақ футбол және басқа да спорттық жарыстар ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, өткен жылы облыс аумағында 73 спорт нысанының құрылысы аяқталған болса, биыл тағы 51 нысанның ашылуы жоспарланған. Бұл өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытындағы маңызды қадам болып отыр.
