Арыс қаласында Конституциясының 30 жылдығына орай ерекше тағылымды шара ұйымдастырылды

Арыс қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ерекше тағылымды шара ұйымдастырылды. Онда көпбалалы, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып отырған аналарға мемлекеттік марапаттар табысталды.

Салтанатты жиынға қала әкімі Қайсар Маңқараев қатысып, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін құттықтады. Оның айтуынша, ана – елдің болашағы мен ұрпақтың рухани тірегі, отбасының берекесі.

Шара барысында 7 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 3 анаға «Алтын алқа» төсбелгісі табыс етілді. Сондай-ақ 6 баланың анасы атанған 33 жанға «Күміс алқа» марапаты берілді. Әкім марапат иелеріне денсаулық пен амандық тілеп, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

– Аналарымыз – әрбір шаңырақтың шамшырағы, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Конституция күні қарсаңындағы бұл марапат – мемлекеттің аналарға деген құрметінің белгісі. Сіздердің еңбектеріңіз – келер буынға үлгі, – деді қала басшысы өз құттықтауында.

Аналар да өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ризашылықтарын білдіріп, баланы тәрбиелеу – әр отбасы үшін қасиетті міндет екенін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Арыс қаласында көпбалалы аналарды қолдау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қала бойынша барлығы 2 809 ана мемлекеттік марапатқа ие. Оның ішінде 961-і – «Алтын алқа», 1 878-і – «Күміс алқа» иегері. Бұл көрсеткіш өңірдегі демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын білдіреді.

Конституция күніне орай өткен бұл мерекелік іс-шара тек марапаттау рәсімімен шектелмей, жас ұрпаққа өнеге боларлық тәлімді ой қалдырды. Өйткені, алтын құрсақты аналарға құрмет көрсету – жас буынды отансүйгіштікке, отбасы құндылығын ардақтауға тәрбиелеудің бір жолы.

Сондай-ақ жиын соңында мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көпбалалы аналарды қуанышқа бөледі. Шараға қатысқан жұртшылық та көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

 

Бердалы Ораз

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттегі зообақта түйеқұсты тепкен адамның кім екені белгілі болды

Арыс қаласында аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде

berdaly_oraz

Түркістанда еліміздегі алғашқы супервизия үйлестіру орталығы ашылды

berdaly_oraz