Қытайдың Шэньян қаласында 28–31 тамыз күндері өткен академиялық ескек есуден жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, жалпы қоржынға бірқатар жүлде салды. Байрақты бәсекеге 15 елден 320 спортшы қатысып, түрлі санаттар бойынша мықтыларды анықтады.
Қазақстан сапында Түркістан облыстық су спорты түрлері бойынша олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері де бақ сынап, 12 медаль иеленді.
Жүлдегерлер тізімі:
- U23 M4-: Владислав Галкин – күміс.
- U23 W2-: Мелани Жакупова – күміс, Анжела Полянина – күміс.
- U23 W4-: Мария Лебедева – күміс.
- U23 M8+: Владислав Галкин – қола.
- U23 W8+: Мелани Жакупова, Анжела Полянина, Мария Лебедева – күміс.
- U19 W8+: Мария Гладышева, Лияра Айдарова, Еркежан Сапарқұл, Аксинья Гладышева – күміс.
Осылайша, түркістандық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап, Азия чемпионатынан барлығы 12 жүлдемен оралды.
Келесі ірі сын – әлем чемпионаты. Ол 21–28 қыркүйек аралығында Қытайдың Шанхай қаласында өтпек. Бұл дүбірлі додада Қазақстан құрамасы сапында түркістандық мықтылар Владислав Яковлев пен Иван Чернухин екілік санатында ел намысын қорғайды деп күтілуде.
