Түркістан облысында жаңа оқу жылынан бастап оқушылардың тамақтану жүйесіне жаңа стандарттар енгізіледі

2025-2026 оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде оқушылардың тамақтану жүйесі түбегейлі өзгереді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім министрлігі бірлесе отырып, халықаралық тәжірибе мен ғылыми деректерге сүйеніп, мектеп асханалары үшін жаңа стандарт әзірледі. Бұл бастама балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған өзгерістер туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

«Жаңа талаптарға сәйкес, мектеп ас мәзірінен оқушылардың денсаулығына зиянды тағамдар толық алынып тасталды. Атап айтқанда, құрамында қанты бар газдалған сусындар мен шырындар, шұжық өнімдері, ысталған ет тағамдары, спред-майлар және дәм мен иіс күшейткіштері бар өнімдер енді балалардың рационында болмайды. Оның орнына жаңа піскен көкөністер мен жемістердің үлесі арттырылып, пайдалы өнімдер басымдыққа ие болды», – деді ол.

Маманның айтуынша, жаңа стандарттар балалар арасында семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты кең таралған сырқаттардың алдын алуға бағытталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес, мектеп асханаларындағы тағамдар баланың физиологиялық қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға тиіс.

Жаңашылдықтың бірі – асханасы немесе буфеті жоқ шағын жинақталған мектептерде оқушыларға «ланч-пакеттер» ұсынылады. Мұндай пакеттерде ет немесе ірімшік қосылған ыстық бутерброд, ашытылған сүт өнімі, маусымдық жемістер және пайдалы сусындар қамтылады.

Сонымен қатар, ас әзірлеуде дәстүрлі қуырылған тағамдардан бас тартылып, үш негізгі тәсілге – қайнату, бумен пісіру және бұқтыруға басымдық беріледі. Бұл әдістер тағамның құнарлылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Мектеп асханаларында алғаш рет «Жеуге жарамсыздық индексі» ұғымы енгізілмек. Бұл көрсеткіш оқушылардың тағам сапасына деген қанағаттану деңгейін бағалауға арналған. Оған қоса, әрбір білім беру ұйымының медицина қызметкері тамақтануды қадағалап, тиімді тамақтану қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді. Медициналық қызметкерлер бес жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұруы тиіс.

Тағы бір жаңашылдық – ата-аналардың бақылауын күшейту. Жоспар бойынша мектеп асханалары «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Ата-аналар осы жүйе арқылы беріліп жатқан тағамның сапасына баға беріп, өз пікірін білдіре алады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, сапаны жақсартуға ықпал етпек.

Жаңа стандарт 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектептерінде толық қолданысқа енгізіледі. Білім саласындағы жауапты тұлғалардың айтуынша, бұл өзгерістер оқушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың оқу үлгеріміне де оң әсер етеді. Себебі, дұрыс тамақтану баланың ойлау қабілеті мен энергиясын сақтаудың басты факторы болып саналады.

Денсаулық сақтау саласының мамандары жаңа талаптардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстайтындарын жеткізді. Ал білім беру ұйымдарының басшылары мен асхана қызметкерлеріне арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқу жылы басталғанға дейін толық дайындық пысықталады.

Осылайша, мектептегі тамақтану жүйесінің жаңа стандарты – балалардың денсаулығын қорғау мен сапалы білім алуына жасалып отырған маңызды қадам.

Ораз Бердалы

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте құқықтық кеңес беру бойынша «Халық заңгері» акциясы өтеді

berdaly_oraz

Түркістан облысында футболды дамыту мәселелері талқыланды

«Арыс ақиқаты» газетіне 90 жыл!