Республика күні қарсаңында Ақдала ауылында жаңа спорт кешені ашылды

Республика күні қарсаңында Ақдала ауылында жаңа спорт кешені ашылды,-деп жазады Арысинфо.кз тілшісі.

Республика күні мерекесі қарсаңында Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында тұңғыш рет заманауи спорт зал кешенінің лентасы қиылды. Нысан «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, ауыл жастары мен балалардың салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік бермек.

Жаңа кешеннің ашылу салтанатына Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, ауыл ақсақалдары, зиялы қауым мен тұрғындар қатысты.

Қала басшысы өз құттықтауында спорт залдың ауыл өміріндегі маңызын ерекше атап өтті:

«Бұл күн – ауыл жастары мен балалар үшін қуанышты сәт. Енді осы спорт кешенінен талай чемпиондар өсіп шығып, ел намысын қорғайды деп сенемін. Көк туымызды желбірететін спортшылар осы ауылдан шықсын!» – деді ол.

Жалпы аумағы 371,65 шаршы метр болатын спорт залы барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Едені сапалы резеңке материалмен қапталған, медициналық бөлме, ішкі дәретхана мен гардероб бар. Бір уақытта 100-ден астам адам жаттыға алады. Мұнда волейбол, баскетбол, бокс, үстел теннисі, күрес және гимнастика сияқты спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалған.

Ауыл тұрғындары жаңа нысанды зор қуанышпен қарсы алды.

«Балалар бұл залды қатты ұнатып қалды. Кең, жарық әрі жайлы. Бұл — ауыл жастарына үлкен сый әрі спорттың дамуына серпін береді», – дейді тұрғындар.

Айта кетейік, өткен жылы дәл осындай спорт кешені Қожатоғай ауылында пайдалануға берілген болатын. Ал биыл Байырқұм ауылында тағы бір спорт залының құрылысы жүріп жатыр.

Қазіргі таңда Арыс қаласы бойынша 2 ірі спорт кешені мен 100-ден астам спорттық алаңдар жұмыс істейді. Қаланың 4 спорт мектебінде 15 түрлі спорт үйірмелері ашылып, жүздеген бала жаттығуға қатысуда.

Ұқсас жаңалықтар

АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЕАТРЛАР БАЙҚАУЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ІІІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

berdaly_oraz

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ – КҮНДЕЛІКТІ ӨМІР САЛТЫНА АЙНАЛУЫ ТИІС

berdaly_oraz

Шымкентте 640 млн теңгеге жалған шот-фактура жазған компания басшысы сотталды

berdaly_oraz