Сауран ауданында ерекше қабілетті жастардың шығармашылығын қолдауға бағытталған әсерлі мәдени шара өтті. «Мейірім шуағы» атты кешті аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жанындағы «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – талантты жастардың әлеуетін таныту, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беру және инклюзивті мәдениетті қалыптастыру.
Кештің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Кеңесбекұлы мен ішкі саясат бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Марат Ержанұлы ашып, қатысушыларға сәттілік пен шабыт тіледі. Сондай-ақ, аудандық Әжелер алқасы мүшелері жастарға рухани қолдау білдіріп, игі тілектерін айтты.
Шығармашылық бағдарлама барысында жас өнерпаздар ән шырқап, би билеп, өздері жазған өлеңдерін оқыды. Қолөнер шеберлері өз туындыларын көрме арқылы ұсынды. Олардың еңбектерінен мейірім мен өмірге деген құштарлық айқын сезілді.
Кеш соңында өнер көрсеткен ерекше қабілетті жастар Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың алғыс хаттары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың өз күшіне сенуіне, талантын ашуға және қоғаммен тығыз байланыс орнатуына жол ашады.
«Мейірім шуағы» шығармашылық кеші Саурандағы әлеуметтік белсенділікті арттырып қана қоймай, қоғамдағы әр адамның мүмкіндігін бағалауға және қамқорлық мәдениетін дамытуға үндеді.
