ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСТЫ

Түркістан қаласында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кезекті рет кездесті. Келіссөздерге Қытайдың ірі компания өкілдері қатысып, өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.

 

Көшеров шетелдік бизнес өкілдеріне Түркістан облысының стратегиялық орналасуы, индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардағы мүмкіндіктер, сондай-ақ инвесторларға ұсынылатын қолдаулар туралы кеңінен мәлімет берді.

 

– Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропаны байланыстыратын транзиттік дәліздің қиылысында тұрған Түркістан облысы – инвестиция үшін өте тиімді аймақ. Біз өндіріс саласын дамытуда шетелдік компаниялардың қатысуын кеңейтуге мүдделіміз. Жаңа зауыттар ашуға барлық инфрақұрылымдық жағдай жасалған, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында инвесторлар күн және су электр станцияларын салу, көлік-логистика, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және туризм салаларына қатысты ұсыныстарын білдірді. Бірқатар компаниялар дайын жобаларға қаржы құюға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар облыста жүзеге асып жатқан жобаларға байланысты инфрақұрылымдық мәселелер қаралып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Облыста инвестиция тарту және өндіріс орындарын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2025–2028 жылдарға арналған 111 инвестжобадан тұратын пул қалыптасқан. Бұл жобалар іске асқанда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

2025 жылы іске асырылып жатқан 58 жобаның нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде 34 жоба бүгінде іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылды.

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облысқа 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылды. 2025 жылға белгіленген 475 млн АҚШ доллары көлеміндегі тікелей шетелдік инвестиция тарту индикаторының II тоқсандағы көрсеткіші 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жоспардан асып түсті.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісайда қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр

Кентаудағы Байылдыр ауылы көгілдір отынға қосылды

Түркістандағы ел чемпионатында су айдынының иелері ешкімге дес бермеді

Альфия Адамбек