Amanat: ЖАҢА БУЫН ӘКІМДЕР МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУҒА ЖАҢА СЕРПІН ӘКЕЛЕДІ

Астанада «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен ауыл әкімдеріне арналған кең ауқымды диалог-платформа өтті. Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ауылды дамыту – мемлекеттің басым бағыты екенін атап өтті.

Президент өз баяндамасында ауылдың ұлттық құндылықтарымыздың өзегі екенін, ал ауылдық аумақтарды жаңғырту 2023–2027 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдама негізінде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы ауыл әкімдерінің кәсіби даярлығын күшейтудің маңызын атап өтіп, осы мақсатта қолға алынған «Әкімдер мектебі» жобасының партия тәжірибесіне сүйене отырып құрылғанын айтты.

Жиынның ресми бөлігінен кейін қатысушылар панельдік сессияларға қатысып, мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдері, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижелері және орталық органдар арасындағы өзара байланыстар туралы кең ауқымды ақпарат алды. Ауыл әкімдері республикалық деңгейдегі мәселелер бойынша орталық мемлекеттік органдар басшыларына тікелей сауал қою мүмкіндігіне ие болды.

Диалог-платформаға қатысқан Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылдық округінің әкімі Біржан Мақсұтов бұл лауазымға 2023 жылы сайланған. Ол Мемлекет басшысы атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы ауыл әкімдері үшін жай ұран емес, күнделікті жұмыстың басты темірқазығы екенін жеткізді.

Оның айтуынша, ауылдағы әр отбасының тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік теңдікке қол жеткізу және жергілікті мәселелерді халықпен бірге шешу – әкімнің негізгі міндеті. Біржан Ералыұлы ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, агросаланы технологияландыру, білім және денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын көтеру бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды жоспарымен толық сәйкес келетін жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Қарақия ауылдық округіне басшылық еткен кезеңінде Біржан Мақсұтов жол жөндеу, көше жарықтандыру, ауыз судың сапасын арттыру бойынша маңызды жобаларды іске асырды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында жаңа бастамаларды көтеріп, шаруалармен тұрақты серіктестік орната білді. Әлеуметтік нысандардың жұмысын бақылауда ұстап, тұрғындармен тұрақты қабылдаулар өткізуді дәстүрге айналдырды. Осы еңбектерінің нәтижесінде ол 2024 жылы «Ең үздік ауыл әкімі» номинациясына лайық деп танылды.

Аталған жиын жаңа буын мемлекеттік қызметшілерінің жауапкершілігі мен жаңашыл көзқарасы ауылдардың дамуында шешуші рөл атқаратынын көрсетті. «AMANAT» партиясы жас әкімдердің әлеуетіне сенім артып, олардың кәсіби және басқарушылық қабілеттерін нығайтуға бағытталған жобаларды жалғастыратынын мәлімдеді.

Партияның басты мақсаты – ашықтықты, әділдікті және қоғаммен тікелей жұмыс істейтін жаңа форматтағы мемлекеттік қызметшілер корпусын қалыптастыру. Жаңа буын әкімдері осы аманатты абыроймен орындайды деген сенім бар.

Ұқсас жаңалықтар

Нұралы Әбішов аудандық және қалалық мәслихат төрағаларымен кездесті

berdaly_oraz

Түркістан: Ордабасыдағы ауқымды сенбілікке 200-ге жуық адам атсалысты

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫҢ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАРЫ МЕН ӨЗГЕРІСТЕРІ ТАЛҚЫЛАНҒАН МӘЖІЛІС ӨТТІ

Redaktor Arysinfo