Түркістан облысы Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өткізілді. Бұл жоба өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы ең ауқымды бастамалардың бірі болып саналады. Станция іске қосылғаннан кейін аймақтың энергетикалық әлеуеті едәуір артып, жасыл энергия үлесі ұлғайып, жаңа жұмыс орындары пайда болады деп күтілуде.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңір үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, сондай-ақ экологиялық таза энергия өндірісіне жол ашады.
– Бүгін біз өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен жасыл экономикаға өту жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану – өңір үшін өте тиімді әрі болашағы зор бағыт. Жобаны іске асыруға құйылатын инвестиция шамамен 160 миллиард теңгені құрайды. Атап айтқанда, жобаның іске асуы барысында 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Бұл бастама – экологиялық таза, тұрақты дамудың кепілі әрі өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған инвестиция, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шараға бейнебайланыс арқылы қатысқан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жобаның энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудағы маңыздылығын атап өтті және қор тарапынан жаңартылатын энергия көздеріне жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде бағалап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңыздылығын айтты. Сондай-ақ, «China Energy Group» компаниясының президенті Ни Чжэн жобаның ұлттық энергетика саласындағы маңызы мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жобаның компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін кезең-кезеңмен дамыту стратегиясындағы маңызды бөлік екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл жоба тек инвестициялық бастама ғана емес, еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлес болып табылады.
Сондай-ақ, «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны белгіленген мерзімде және жоғары сапа стандартында іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Уақыт капсуласын салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.
Аталған күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, инвестиция тартуға қажетті энергия ресурсы молаяды. Бұл өз кезегінде зауыттар мен өндіріс орындарын іске қосуға мүмкіндік беріп, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына жаңа серпін береді.
Жобаның іске асуы тек энергетикалық әлеуетті арттырып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыруға жол ашады. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өңір экономикасына нақты қосымша үлес береді.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жобаның құрылыс кезеңінде барлық қауіпсіздік және экологиялық талаптар сақталатын болады, ал іске қосылғаннан кейін станцияның қуаты 300 МВт-қа жетіп, өңірдің электр энергиясына деген сұранысын толық қамтамасыз ететін болады.
Бұл бастама жаңартылатын энергияны дамыту бағытындағы ірі қадам ретінде Қазақстанның «жасыл экономикаға» өту жолындағы маңызды стратегиялық жобаларының бірі болып есептеледі.
