Жаңа жылдың алғашқы күндері Мақтаарал ауданы тұрғындары үшін жағымды жаңалықтармен өрбіді. Аудан аумағында бір күнде үш бірдей фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп, ауыл халқының медициналық қызметке қолжетімділігі айтарлықтай жақсарды. Бұл қадам шалғай елді мекендердегі денсаулық сақтау сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың жалғасы саналады.
Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер, Ырысты және Қарақыр ауылдарында бой көтерген жаңа ФАП-тардың ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, тұрғындарды құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ауыл медицинасын дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа медициналық нысандар жергілікті халыққа уақытылы әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ашылған фельдшерлік-акушерлік пункттер мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған. Жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме – «QAZ Goodwill» ЖШС. Құрылыс компаниясы ғимараттарды белгіленген стандарттарға сай салып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіп, пайдалануға тапсырған.
Медициналық пункттер заманауи модульді форматта тұрғызылып, алғашқы медициналық көмек көрсетуге толық бейімделген. Мұнда ауыл тұрғындары профилактикалық тексеруден өтіп, дәрігер кеңесін алып, ана мен бала денсаулығын бақылауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, күнделікті медициналық қызметтер ауылдан шықпай-ақ қолжетімді болмақ.
Жаңа нысандардың ашылуы ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш болды. Бұған дейін қарапайым медициналық көмек алу үшін аудан орталығына қатынауға тура келсе, енді қажетті қызметті өз елді мекенінде алу мүмкіндігі туды. Бұл, әсіресе, егде жастағы азаматтар мен жас аналар үшін үлкен жеңілдік.
Салтанатты жиында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының мамандарына алғыс білдірді. Олар мұндай жобалар ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартып, халықтың болашаққа деген сенімін арттыратынын атап өтті.
Айта кету керек, Мақтаарал ауданында соңғы жылдары денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жыл ішінде ауылдық елді мекендерде 10-ға жуық фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілген. Бұл бастамалар медициналық қызмет сапасын көтеріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде.
Жалпы, Мақтаарал ауданында жүзеге асып жатқан мұндай жобалар ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
