Түркістан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту және тұрғындарды толық қамту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар оң нәтижесін беруде. Өңірде медициналық ұйымдарға тіркелген халық саны 2 миллионнан асып, соның басым бөлігі сақтандыру жүйесіне енгізілген. Бұл көрсеткіш аймақтағы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Ресми деректерге сәйкес, қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 2 075 225 адам медициналық ұйымдарға тіркелген. Оның ішінде 1 787 237 тұрғын, яғни облыс халқының 86,1 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған. Ал 287 988 азамат немесе 13,9 пайызы әлі де МӘМС жүйесіне кірмеген. Соған қарамастан, соңғы бір жыл ішінде сақтандырылмағандар саны едәуір қысқарып, 102 мыңнан астам адамға азайған. Бұл шамамен 26 пайыздық төмендеуді көрсетеді.
Аталған мәліметтер Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен арнайы штаб отырысында жария етілді. Басқосуда өңір халқын МӘМС жүйесіне кеңінен тарту, сақтандырумен қамтылу деңгейін арттыру және өзекті мәселелерді шешу жолдары жан-жақты қаралды. Жиынға салалық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Отырыста сөз алған облыс әкімінің орынбасары жауапты мекемелерге жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, халықты МӘМС жүйесіне тарту – тек статистикалық көрсеткіш емес, азаматтардың сапалы медициналық қызмет алуына тікелей әсер ететін маңызды міндет.
– Бұл бағыттағы шаралардың орындалуын қатаң бақылауға алу қажет. Сонымен қатар кейбір өңірлерде тұрғындардың келісімінсіз медициналық ұйымдарға тіркеу фактілері анықталып отыр. Мұндай жағдайларға жол берілмеуі тиіс. Әрбір дерек заң талаптарына сай тексеріліп, бақылау күшейтілуі керек, – деді Қанат Қайыпбек.
Жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы уақытта МӘМС жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, сақтандыру есебінен көрсетілетін медициналық қызметтердің тізімі кеңейтіліп, созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу толықтай МӘМС пакеті аясында қарастырылып отыр.
Сонымен бірге диспансерлік есепте тұрған науқастарды сақтандыру жүйесімен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ал жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, сондай-ақ соңғы үш ай бойы зейнетақы жарналарын төлемеген, әлеуметтік әл-ауқатының D және E деңгейіне жататын тұрғындар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдардың есебінен төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қырықбаев та есеп берді. Оның мәліметінше, «Отбасының цифрлық картасы» дерекқоры бойынша қазіргі таңда облыста әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыс деңгейіндегі D және E санаттарына жататын 138 789 отбасы тіркелген. Солардың ішінде 114 156 адам әлі күнге дейін МӘМС жүйесімен қамтылмаған. Бұл санаттағы тұрғындарды сақтандыру жүйесіне тарту – алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындалды.
Жиын барысында МӘМС жүйесіндегі жаңашылдықтарды халыққа кеңінен түсіндіру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтың айтуынша, өңірдегі медициналық ұйымдарда сақтандыру жүйесін түсіндіру мақсатында 2 254 семинар ұйымдастырылып, 98 606 адам қамтылған. Бұл жұмыстар облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық даму басқармасы және Қор филиалының бірлесуімен жүзеге асуда.
Айта кету керек, бүгінде Түркістан облысында МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 45 мемлекеттік және 68 жекеменшік медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Бұл медициналық қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрғындарға таңдау мүмкіндігін ұсынуда.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында МӘМС жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Сақтандырылған тұрғындар санының артуы өңірдегі денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуына және халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімді болуына негіз қалайды.
