Мақтаарал ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, бүгінге дейін айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Соның ішінде 64-ші ауыл көгілдір отынға қосылып, аудан бойынша газбен қамтылған елді мекендердің үлесі 94,1%-ға жетті. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жұмыстардың нақты нәтижесі болып отыр.
Осы айтулы оқиғаға орай, Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай ауылының тұрғындарымен қуанышты сәтті бөлісу үшін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы барып, ауыл халқын құттықтады. Аудан басшысы газбен қамтылу – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар, биылғы жылы аудан аумағындағы барлық елді мекендерді табиғи газбен толық қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл жұмыстар облыстық және республикалық бағдарламалар аясында жүзеге асып, тұрғындарға жайлы және қауіпсіз тұрмыс жағдайын жасау басты басымдық болып қала береді.
Жантақсай ауылының тұрғындары көптен күткен жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын айтты. Табиғи газдың іске қосылуы ауыл халқының тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға және әлеуметтік ахуалды оңалтуға да ықпал етеді.
Сонымен қатар, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен газ инспекциясының мамандары Жантақсай ауылына барып, әрбір үйде газ қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл шара қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
